Accessibility links

Трамп-Путин келіссөзі: Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келісім жасалған жоқ


Анкориджде келіссөзден кейін ақпарат құралдарына шыққан Трамп пен Путин
Анкориджде келіссөзден кейін ақпарат құралдарына шыққан Трамп пен Путин

Түйін:

  • Аляскада шамамен үш сағатқа созылған келіссөзден кейін Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп шағын баспасөз конференциясын өткізді, бірақ журналистердің сұрақтарына жауап берген жоқ.
  • Трамп Украинадағы соғысты бітіруді көздеу жолында өзінің командасы "ірі ілгерілеушілік" жасағанын айтты, алайда "әлі мақсатқа жетпегенін" және келісім жасалмағанын айтты. Десе де, жай-жапсарына тоқталған жоқ.
  • Украинадағы соғыс туралы айтқан кезде Путин "бейбіт келісімге қол жеткізу үшін соғысқа түрткі болған себептерін жою қажет" деген жиі айтатын сөзін қайталады. Кремль тілімен айтқанда, мәселе Украинаның әскери қуатын шектеу және НАТО-ға мүшеліктен бас тарту міндеттемесі жөнінде болып отыр.


Шамамен үш сағатқа созылған келіссөзден кейін баспасөзге үш минуттық мәлімдеме жасаған Трамп Украинадағы соғысты бітіруді көздеу жолында өзінің командасы "ірі ілгерілеушілік" жасағанын айтты, алайда "әлі мақсатқа жетпегенін" және Украинада атысты тоқтату бойынша келісім жасалмағанын айтты.

Анкоридж маңындағы америкалық Элмендорф базасындағы кездесуден кейін Путин де, Трамп та нақты не нәрсеге келіскенін және қандай тұста дауласқанын айтпады.

Путинмен Украина мәселесін Украинаның қатысуынсыз талқылағаны үшін сыналып келе жатқан Трамп Украина президенті Владимир Зеленский мен НАТО жетекшілері мен Еуропадағы одақтастарына келіссөздің нәтижесін хабарлайтынын жеткізді.

"Келісім жасалған жоқ. Бірнеше телефон қоңырауын жасап, болған оқиғаны баяндайын деп жатырмын. Бізде өте өнімді кездесу болды, көп пункт келісілді" деді Трамп.

"[Шешілмеген] өте аз сұрақтар болды. Кейбірі аса маңызды емес. Біреуі - ең маңызды сияқты, бірақ оны шешу мүмкіндігі жоғары" деді ол.

Саммиттен кейін Fox News тілшісі Шон Хэннитиге берген түсініктемесінде Трамп келісім жасалмағанын айтты, бірақ "көп пункт" талқыланғанын және "маңызды бір немесе екі пункт" келісілгенін жеткізді.

"Енді барлығы президент Зеленскийге байланысты, ол оны жасай ала ма. Еуропа елдері де біраз араласуы керек деп айтар едім. Бірақ бұл президент Зеленскийге байланысты" деді Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин. 15 тамыз 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин. 15 тамыз 2025 жыл.

"Ортақ мұра" жөнінде айтқан Путин екі ел [Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде] "ортақ жауларының тас-талқанын шығарғанын" мәлімдеп, келіссөз "конструктивті және өзара құрмет көрсету атмосферасында" өткенін атап өтті.

Ресей президенті Путин Трамппен "келісім жасасқанын" мәлімдеп, бірақ жай-жапсарына тоқталмады. Украина мен оның Еуропадағы одақтастары "ешқандай кедергі жасамайтын болар" деп үміттенетінін жеткізді.

Оның сөзінше, Ресей соғыстың "бастапқы себебін жою" қажет деп санайды . Кремльдің түсінігінде бұл Украинаның НАТО-ға мүше болу үмітін жою және украин әскерін қарусыздандыруды білдіреді.

Бірақ Путин Украинаның қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі керек деген тұжырыммен келіскен. Бұрын ол кейде Украинаның мемлекет ретінде өмір сұру құқығын да күмән келтірген еді.

Киев пен Еуропаның ресми тұлғалары әзірге Трамп пен Путин келіссөзіне реакция білдірмеді. Аляскадағы баспасөз конференциясы Еуропада жарым түн болған кезде аяқталды.

Трамп-Путин кездесуі қарсаңында және кездесу өткен күні Анкориджде Украинаны қолдау митингісі өтті. Наразылар Украина туын ұстап тұр. 15 тамыз 2025 жыл.
Трамп-Путин кездесуі қарсаңында және кездесу өткен күні Анкориджде Украинаны қолдау митингісі өтті. Наразылар Украина туын ұстап тұр. 15 тамыз 2025 жыл.

"ӨЗІНЕ КӨБІРЕК УАҚЫТ ҰТТЫ"

Гудзон институтының сарапшысы Люк Коффи Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген комментерийінде Путин тарихи саммитте жеңіске жеткен тәрізді деді.

"Путин іс жүзінде әрі қарай санкция немесе баж салығы салынбайтындығына кепілдік берді. Ол соғысты жалғастыру үшін өзіне көбірек уақыт ұтты, ол енді халықаралық легитимділікке де ие болды және бұған ешқандай құрбандыққа бармай-ақ қол жеткізді" деді ол.

"ПУТИН ТАЛАПТАРЫН ӨЗГЕРТПЕГЕНІН АЙҒАҚТАЙ ТҮСЕДІ"

Сан-Диего штатындағы университет профессоры Михаил Алексеев қандай да бір нәтиженің болмауы Путин талаптарын өзгертпегенін айғақтайды деді.

"Бұл Ресей өзінің жалпы ұстанымын қайталағанын білдіреді. Ол өз көзқарасын өзгертпеді" деді Алексеев.

Австралия әскерінің отставкадағы генерал-майоры, Лоуи институтының зерттеушісі Мик Райан "баспасөз конференциясында Трампқа қарағанда Путинде оптимистік көңіл-күй басым болғанын" айтады.

"Десе де, Трамп та көңілі жығылғандай көрінбеген, олардың ұстанымдарындағы айырмашылық байқалып тұрды. Бұл ортақ келісімге қол жеткізілмегенін дәлелдей түседі, бірақ кейбір тұстары түйіскен болуы мүмкін" деді Райан.

Элмендорф-Ричардсон базасында Путинді қарсы алып тұрған Трамп. 15 тамыз 2025 жыл.
Элмендорф-Ричардсон базасында Путинді қарсы алып тұрған Трамп. 15 тамыз 2025 жыл.

Путинді америкалық базаның ұшу-қону жолағында қызыл кіліммен Трамп қарсы алды. Путин Трамппен бірге The Beast («Жыртқыш») лимузиніне отырып, кездесу орнына бара жатқан жолда еркін сөйлесті – соғыс ашқан елдің басшысына сирек көрсетілетін құрмет.

Ақ үйге оралғаннан кейін Трамп Путинмен кемінде бес рет телефонмен сөйлескен. Анкоридждегі саммит - Трамптың екінші мерзімі тұсында Путинмен алғашқы кездесуі.

Трамп бұған дейін кез келген соғысты "жер алмасу" арқылы шешу мүмкін екенін айтқан. Ал бұған Киев түбегейлі қарсы, ол Ресей басып алған аумақтарды қайтаруы керек деп санайды.

15 тамыз күнгі конференция кезінде Трамп "жер алмасу" ықтималдығын айтқан жоқ.

Саммит алдында Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-да "Біз Америкаға сенеміз. Әдеттегідей барынша өнімді жұмыс істеуге дайынбыз" деді ол.

Кездесуге қатыспаған Еуропа басшылары Украинаның позициясын әлсірететін немесе Еуропаның Украинаны қолдау мүмкіндігіне нұқсан келтіретін келісім қабылдануы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG