Уиткофф: Мәскеу бес украин аймағына қатысты ымыраға барды

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN арнасында сөйлеген сөзінде Мәскеу бес украин аймағына байланысты "біраз ымыраға келді" деп мәлімдеді. Уиткоффтың айтуынша, Вашингтон жер айырбастау мәселесін 18 тамыз, дүйсенбі күні Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуде талқыламақ.

"Бұл мәселе бойынша белгілі бір айқындыққа қол жеткіземіз әрі мұның бәрі жақын арада бейбіт келісіммен аяқталады деп үміттенемін", — деді Уиткофф.

Арнайы өкіл нақты қай жерлерді меңзегенін және бұл мәселенің басқа егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.

Бұған қоса Уиткофф Вашингтон мен Мәскеу қауіпсіздік саласында да келісімге қол жеткізгенін айтты.

"Біз қауіпсіздік кепілдіктері туралы уағдаластық, оларды ойын ережесін өзгертетіндей деп сипаттар едім. Біз АҚШ тарапынан [НАТО Жарғысының] бесінші бабына сәйкес қорғау жөніндегі келісімге осыншалық жақындаймыз деп ойламаған едік, Ресейде бейбіт келісім заңдастырылғаннан кейін басқа аумақтарға қол сұқпау, сондай-ақ Ресейдің басқа еуропалық мемлекеттерге шабуыл жасамайтыны және олардың егемендігін бұзбайтыны жөнінде міндеттемені заң жүзінде бекітетіндігіне қол жеткіздік", — деді Уиткофф.

Reuters пен Financial Times бұған дейін Аляскадағы келіссөздер барысында Ресей, егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкетуді ұсынған деп жазған.

Financial Times-тың Зеленскийдің позициясымен таныс дереккөздері оның Донбасс аумағының бір бөлігін Ресейге беруге келіспейтінін, бірақ 18 тамызда аумақ мәселесін талқылауға дайын екенін айтады. Басылымның дереккөздері украин президентінің АҚШ пен Ресей президенттерімен бірге үшжақты кездесу аясында да талқылауға ашық екенін жеткізді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Украинадан Ресей әскері басып алып отырған аумақтарынан бас тартуды талап етіп отырған жоқ деп мәлімдеді.

"Украинаға мұндай қысым жасалып жатқан жоқ, сондықтан бейбіт келісім дәл осылай көрінеді деп ойламаймын. Алайда Путин нақты талаптар қояды, ол украиндер мен өзгелер қолдауға дайын емес нәрсені сұрайды. Біз оларды бұған мәжбүрлемейміз", — деді Рубио NBC News арнасына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ Ресейге жаңа санкциялар енгізу Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігін азайтады деп санайды "Ресейге қарсы жаңа санкциялар оларды атысты тоқтатуға келістіреді деп ойламаймын. Олар қазірдің өзінде өте қатаң санкциялар құрсауында отыр", — деді Рубио.

АҚШ пен Ресей президенттері 16 тамызда Аляскада кездескеннен кейін Трамп Зеленскиймен телефонмен сөйлесті, оған Марко Рубио мен Стив Уиткофф та қатысты. Кейінірек әңгімеге еуропалық көшбасшылар, сондай-ақ НАТО мен Еурокомиссия өкілдері қосылды.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Трамп жерге қатысты шешім қабылдау Украинаның өз қолында екенін ерекше атап өткен. Дегенмен, дереккөздерге сүйенсек, Путиннің ұстанымы өзгермеген — ол Украина әскері бүкіл Донбасс аумағынан кетсін деген талап қойып отыр.

АҚШ пен Ресей президенттерінің Аляскадағы кездесуі украин шенеуніктерін енді Киевке капитуляциямен бірдей шартты күштеп таңып жүрмей ме деп алаңдатып қойғанын Financial Times басылымы жазды.