АҚШ және Ресей президенттері алты жылда алғаш рет кездеспек. Осы саммит қарсаңында сіз нені білуіңіз керек?
Путиннің қалауы не?
Сарапшылардың көбі Трамппен кездесудің өзі халықаралық дәрежеде оқшауланып қалған Путин үшін жеңіс болды деген тұжырым жасап жатыр. Басқаша айтсақ, мұндағы ең маңыздысы – фотосессия.
«Ресей Украинаға басып кіргелі Батыстың ірі көшбасшыларының бірде-бірі Путинмен кездеспеген. Қазір ол ешқандай шегініс жасамастан-ақ АҚШ президентімен жоғары деңгейде кездесу мүмкіндігіне ие болды» дейді Словакияның бұрынғы президенті Зузана Чапутованың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болған Яна Кобзова.
Бұдан бөлек, соғыс басталғалы Ресейдің ұстанымы көбіне өзгеріссіз.
«Кремль дәл қазір майдан алаңында басым болып тұрғанын сезінеді, яғни ол дипломатиялық жолмен қалағанын ала алмаса, соғысты жалғастыра беруге құлықты» деді Кобзова.
Сол себепті де Путин атысты тоқтатуға келіспеуі мүмкін деген болжам бар.
Трамп нені көксейді?
Трамп бұл кездесуді артынша Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен болатын басқосуға дайындық ретінде пайдаланғысы келеді.
«Меніңше, жақсы кездесу болайын деп тұр, бірақ екінші кездесу бұдан да маңызды. Президент Путин, президент Зеленский, мен және бәлкім Еуропаның кейбір көшбасшыларын шақырармыз, бәлкім шақырмаспыз» деді Трамп 14 тамызда.
Бұған қоса Трамп ұзақ бітімнің алғашқы баспалдағы ретінде тез арада ұрысты тоқтатуға қол жеткізгісі келетінін айтты. Бірақ кей сарапшы Путин басқа «сыйлықтар» ұсынып, бәрін шатастырып жіберуі мүмкін деп болжайды.
Байден әкімшілігінде мемлекеттік хатшының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісі қызметін атқарған Джим О'Брайеннің айтуынша, Путин атысты тоқтатудың нақты детальдарын келісуден сытылып кету үшін Трампқа қаржылық артықшылықтар ұсынуы мүмкін.
«Әсіресе америкалық бірнеше компания үшін өте тиімді болатын екіжақты коммерциялық келісім жобалары ұсынылуы ықтимал» дейді ол.
Зеленский ше?
Зеленский үстел басында өзі де отыруы керек дейді. Келіссөздерден шет қалған Украина президенті оның қатысуынсыз қабылданған шешімдердің мәнісі жоқ екенін ескертіп келеді.
Зеленский жерді беру туралы болжамдарға сәт сайын қарсы шығып жүр. Саммит қарсаңында Трамп Киевті жерден бас тартуға күштемеймін деді, бірақ оның Путин мен Зеленский «кей заттарды бөлісуі мүмкін» деген сөзі Киевті алаңдатып отыр.
Зеленскийдің өзі де бұл талаптарды қабылдай алмайды, бірақ ең маңыздысы – ол мұны Украина халқына түсіндіре алмасы анық.
Ол Трамп пен Путин өзі мүлде келісе алмайтын шешімдерге бармас деп үміттенеді, сол арқылы Ақ үйде «бейбітшілікке басты кедергі – оның өзі» деген әсер қалдыратын тәрізді.
Майдандағы ахуал қандай?
Ресей Украина жерінің бестен бірін, яғни 114 500 шаршы шақырымды оккупациялап отыр.
Майдан шебі Харьков, Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының аумағын кесіп өтіп, 1000 шақырымға созылып жатыр.
Екі тарап та көп шығынға ұшырап жатыр, дегенмен Ресей осы айдың басында Торецк және Покровск маңайына әсерін шоғырландырып, 10 километрдей алға жылжып, біраз ілгеріледі.
Бұл Ресейдің майдан алаңындағы ауыр соғыстың орнына шағын бірақ нәтижелі ұрысты қош көретін стратегиясына сай келеді дейді әскери сарапшылар.
Әрі қарай не болады?
Трамп жаңа – үшжақты кездесу дәл сол Аляскада жылдам ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 14 тамызда баянды бейбітшілікке бастайтын негізгі алғышарттарды атап өтті:
«Меніңше онда қауіпсіздік кепілдігі туралы қандай да бір сөз болуы керек. Онда жер дауы бойынша, олар соғысып жатқан мәселелер бойынша қандай да бір сөз болуы тиіс» деді Рубио.
Ресей бұл кикілжіңге негіз болды деген мәселелер шешілгенін талап ете бермек. Оның ішінде Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеу және Украина әскерін әлсірету талаптары бар.
Екі жақтың да мүддесі бір-біріне қарама-қайшы келіп тұр. Бейбітшілік жеңіл жолмен, жылдам келе қоймас.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алясканы неге таңдады? Трамп пен Путин саммиті өтетін жердің артықшылықтары