Тоқаев: Енді билікте отбасылық-кландық жүйе жоқ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 тамызда “Тамыз конференциясында” сөйлеген сөзінде енді билікте «отбасылық-кландық жүйе жоқ» деп мәлімдеді. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтірді.

“Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Енді билікте «отбасылық-кландық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі” деді ол.

Ол елде “маңызды реформалар” жүргізілгенін, “саяси жүйе тұтас жаңартылғанын” атап өтті.

"Біз бір ел, бір халық болып, әділетті, таза әрі қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеріп жатыр" деді Тоқаев.

"Отбасылық-кландық жүйе" деп Тоқаев Назарбаев тұсында тамыр жайған "кландық жүйені" меңзеп отыр.

Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін саяси реформаларды жария етіп, оны Назарбаев мұрасынан айырып, демократияға бет алатын "Жаңа Қазақстан" ретінде таныстырған. Алайда кейбір сарапшылар шын мәніндегі реформалар жүрмегенін, “Жаңа Қазақстанның” “Ескі Қазақстанның” көлеңкесінде қалды деп санайды. Тіпті кейбір белгілер Тоқаев режимінің қатаң авторитаризмге айналғанын көрсетеді деп есептейді.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірінші президент пен оның төңірегіндегілердің ықпалы күрт әлсіреді. Сол уақыттан бері Назарбаев түрлі атақтары мен мәртебелерінен айырылды, кейде қоғам тарапынан өзге де мәртебелерін алып тастау туралы талаптар естіледі.

2023 жылдың ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Назарбаевтың саяси мұрагері ретінде, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы" туралы заңның күшін жоятын және Назарбаев пен оның отбасы иеленіп келген барлық артықшылықтарды алып тастайтын заңға қол қойған.

Ал 2025 жылдың маусым айында Мәжіліс депутаты мемлекеттік құжаттардан "елбасы" сөзін алып тастауды ұсынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Отставка, оппозиция, журналистерді қудалау. Тоқаев "Әл-Жазираға" сұхбат берді"Екінші елбасы жасау" ма, "тектоникалық өзгеріс" пе? Тоқаевтың 6 жылына баға беруДипломат болдым бір кезде. Тоқаевтың кадр саясаты қандай?Тоқаевтың жаңа командасы, Назарбаевтан қалған жүйе, Ақорданың кадр саясаты"Бір "елбасынан" арылмай жатып, екіншісі бой көрсетті". Тоқаев сөзінің астары және саясаттағы трендтер