Алматы облысы Талғар ауданында былтыр кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл жөнінде Алматы облысы прокуратурасына сүйенген “Қазақпарат” жазды.
“Қаржаубай Нұрымовтың үйінде болған өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсетуге байланысты іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты) тоқтатылды” деп жазылған прокуратура жауабында
Былтыр қазанда Талғар ауданында болған төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат қаза болған. Бір аптадан кейін қара жамылған отбасының үйі өртенген. Полиция “бөтеннің мүлкін қасақана жою” фактісі бойынша іс қозғаған. Наурызда бас прокуратура үйдің өртенуіне қатысты іс тергеліп жатқанын айтқан. Енді іс жабылып отыр.
Шерзат Полаттың өлімінен кейін көп ұзамай желтоқсанда Талғар маңында оның бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтірген. Жуырда Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс те тоқтатылғаны белгілі болды. Жәбірленуші жақ істі қайта жандандыру жөнінде өтініш түсіретінін айтқан.
Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша айып тағылған тоғыз адамға биыл 5 маусымда үкім шыққан. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрмеге қамалды. Басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Сотталған тоғыздың арасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім сот кескен 1,5 жылдық қамау жазасын өтеп қойғандықтан биыл 23 шілде күні сот қаулысымен қамаудан босап шыққан.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған адамдардың арасында тек сол ғана апелляцияға жүгінбеген. Қалғандары үкімге келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Олардың шағымы 18 тамызда Алматы облыстық сотында қаралмақ.