ХАМАС Израильдің Газа тұрғындарын оңтүстікке көшіру жоспарына қарсы болып отыр

Газа қаласындағы көрініс. 14 тамыз, 2025 жыл.

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС тобы Израильдің Газа тұрғындарын қаладан анклавтың оңтүстігіне көшіру жоспарын "геноцидтің жаңа толқыны" деп атады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Бұған қоса, ХАМАС Израильдің Газа секторының оңтүстігінде шатырлар мен паналауға арналған өзге де жабдықтар орналастыру жоспарын "оккупациялық күштер жасамақ болған қатыгез қылмысты бүркемелеуді" көздеген "өрескел алдау" деп сипаттады.

Бұған дейін Израиль Газаның солтүстік бөлігін басып алу мақсаты барын мәлімдеген.

16 тамыз күні Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі Авихай Эдри жексенбіден бастап "БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардың қолдауымен" Газа секторына уақытша баспана жасауға қажетті шатырлар мен өзге де құрал-жабдықтар әкелуге қайтадан рұқсат берілетінін хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай шешім "Газадағы бейбіт тұрғындарды ұрыс жүріп жатқан аудандардан анклавтың оңтүстігіндегі гуманитарлық аймақтарға көшіруге дайындық аясында" қабылданған. Алайда көшіру нақты қашан басталатыны айтылмады.

ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің кейінгі әуе шабуылдары салдарынан кемінде 40 адам қаза тапқан. Сенбі күні әл-Муваси ауданындағы шатырға шабуыл жасалған, ал ол аумақты бұған дейін Израиль гуманитарлық аймақ деп жариялаған еді деп жазды The Guardian басылымы. Шабуыл салдарынан нәресте қыз бен оның ата-анасы мерт болған.

  • 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы салдарынан 1200-ден астам адам қаза тапқан. ХАМАС израильдіктер мен шетелдіктерді қоса алғанда 253 адамды кепілге ретінде Газа секторына алып кеткен. Бұдан кейін Израиль ХАМАС-ты жою мақсатында Газа секторында ауқымды әскери операция бастаған. Қазіргі таңда Газада қалған 50-ге жуық тұтқынның шамамен 20-сы ғана тірі болуы мүмкін деген болжам бар.
  • ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі Израильдің әскери іс-қимылдары салдарынан секторда 61 мыңнан астам адам қаза тапқан дейді, алайда қазіргі уақытта бұл деректі растау мүмкін болмай отыр.