Шығыс Қазақстан соты белсенді Серік Ыдырышевқа 192 мың теңге айыппұл салды

Серік Ыдырышев

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық соты белсенді Серік Ыдырышевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 12-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бір жыл ішінде екі рет бұзу) кінәлі деп тауып, оған 192 мың теңге айыппұл салған. Бұл туралы белсендінің өзі хабарлап, Азаттық редакциясына сот қаулысын ұсынды.

"Соттан шықтық. Қысқасы маған Facebook әлеуметтік желісінде репост жасағаным үшін 192 мың [теңге] айыппұл салды. Негізі судья маған не айыппұл не 25 тәулік деді. Мен енді 25 тәулікке баратындай адам емеспін ғой. Бәрібір былай да былай 192 мың [теңге] айыппұл алдым, ал жалақым 170 мың [теңге]. Репост жасағаным үшін" деді ол соттан шыққан кейінгі тікелей эфирінде.

Сот қаулысында Ыдырышев 16 тамыз күні Facebook парақшасында "экстремистік ұйымның лидері Мұхтар Әблязовтің" митингіге шақыратын видеосын бөліскені, мұның бейбіт жиын өткізу тәртібіне қайшы екені және белсенді заңның бұл нормасын бір жыл ішінде екінші рет бұзып отырғаны айтылған. Қаулыға қарағанда, Ыдырышев былтыр 1 қазан күні Глубокое аудандық сотының қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-тармағы бойынша (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) 10 тәулікке қамалған.

Полиция 17 тамыз күні Глубокое ауданы Бобровка ауылында көлікте кетіп бара жатқан Ыдырышевты тоқтатып, оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалғанын хабарлаған да, полиция бөліміне баруын талап еткен.

Белсендінің өзі мұның бәрін Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетті. Эфирдегі сөзінде ол мұны белсенді Марат Жыланбаевты қолдау акциясымен байланыстыратынын, әкімшілік істі саяси қысым деп санайтынын айтқан.

"Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу орындары Жыланбаев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаған қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның "шетелдегі штабымен" байланыс орнатып, нұсқаулар алып отырған деп есептейді. ҚДТ қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

19 тамыз күні Марат Жыланбаев 62 жасқа толды. Белсендінің жақтастары оның туған күніне орай қолдау марафонын өткізбек болған. Бірақ осы күннің қарсаңында полиция Қазақстанның бірнеше аймағында жергілікті белсенділерді ұстады.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан соты Ыдырышевке "тіркелмеген бірлестік қызметіне араласты" деп айыппұл салған.