АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде Украина және Еуропа басшыларымен кездескен соң, Ресей президенті Владимир Путинге қоңырау шалды. Трамп Путин мен Зеленскийдің өзара кездесуін ұйымдастыру мәселесін талқылағанын айтты. Оның сөзінше, осы кездесуден соң, Украина, Ресей және АҚШ басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу өтпек.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков Трамптың Ресей басшысына қоңырау шалғанын растады. Ушаковтың сөзінше, тараптар Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысатын өкілдер санын ұлғайту мәселесін талқылаған. Ол екі ел президентінің жеке кездесуі жайлы ешнәрсе айтпады. Қазіргі екіжақты келіссөздерде Украина делегациясына ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі, Ресей делегациясына Путиннің көмекшісі жетекшілік етеді.
Ақ үйдегі кездесуде Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау жоспарының бір бөлігі ретінде Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселесі сөз болғанын айтты. Трамптың сөзінше, кепілдікті АҚШ-тың үйлестіруімен Еуропа елдері бермек.
Америкалық Axios басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, Трамп Ресей мен Украина басшыларының кездесуін тамыздың аяғына дейін өткізіп жіберуге үмітті екенін хабарлады. Зеленскиймен кездескенде де, Еуропа басшыларымен келіссөз жүргізгенде де Трамп бейбітшілік келісімі үшін атысты тоқтата тұру шарт емес екенін мәлімдеген. Бұған дейін Украина басшылығы да, Еуропа лидерлері де алдымен атыс тоқтауы керек, содан кейін бейбітшілік мәселесі талқыланады деген.
Дүйсенбі күні кешке өткен баспасөз мәслихатында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепілдік беретін елдердің қатарында болуға дайын екендігіне ризашылық танытты. Украина президентінің сөзінше, қауіпсіздік кепілдігі аясында Еуропа елдерінің АҚШ-тан 90 млрд долларға қару-жарақ сатып алу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл қару-жарақ кейін Украинаға берілмек. АҚШ өз кезегінде Украинада өндірілген дрондарды сатып алуы мүмкін, бірақ бұл жөнінде келісім әлі болмады.
Франция президенті Эммануэль Макрон баспасөз мәслихаты кезінде Кремльдің бейбітшілікке деген ниетіне күмән келтірді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин дегеніне жетті, ал Трамп ше?" Аляскадағы саммиттің түйіні