Дүйсенбі, 18 тамыз күні әуелі АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтондағы Ақ үйде оңаша кездесті. Содан кейін Еуропадағы бірқатар елдің басшысы, Еуроодақ пен НАТО жетекшілігінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Жиында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау мәселесі талқыланды.
Трамп пен Зеленскийдің кездесуі
Ақ үйдің сайтында Украина мен АҚШ президенттерінің кездесуінің алғашқы минуттары тікелей эфирде көрсетілді.
Зеленскийді Ақ үй алдында қарсы алған Трамп Украина басшысына сапары үшін алғыс айтып, Украинада бейбітшілік орнату ісінде оң өзгерістер барын мәлімдеді. Оның сөзінше, барлығы дұрыс өтсе, Ресей, Украина және АҚШ президенттері арасында үшжақты кездесу ұйымдастырылуы керек. Зеленский мұндай кездесуге дайын екенін білдірді.
Осыдан кейін қос президент журналистер сұрағына жауап берді.
Трамп тағы да бейбіт келісімге қол жеткізу қажеттігін мәлімдеді. АҚШ президентінің айтуынша, Украинадағы бейбітшілік орнықты болуы керек. Ол сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путиннің қақтығысты аяқтауға ұмтылатынына сенімді екенін мәлімдеді. Алайда АҚШ президенті соғыстың аяқталуы мүмкін ықтимал мерзімді атамады.
Трамптың сөзінше, АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге атсалысады. Ол мұның қандай сипатта болатынын нақтыламады, бірақ кепілдіктің бір бөлігін Еуропа өз мойнына алуға тиіс деді. АҚШ президенті Украина НАТО құрамына кірмейді, бірақ оған мардымды қауіпсіздік кепілдігі беріледі деп мәлімдеді.
Украина басшысы елде міндетті түрде президент сайлауы өтетінін, бірақ соғыс жағдайында сайлауды ұйымдастыру мүмкін емесін айтты. Сайлау былтыр өтуге тиіс болған, бірақ Украина заңы соғыс жағдайында сайлау өткізуге жол бермейді, сол себепті Зеленскийдің мандаты ұзартылған.
Кездесу кезінде Зеленский өз әйелінің хатын Трампқа ұсынып, АҚШ президентінің жары Меланийға беруді өтінді. Осыған дейін АҚШ-қа Ресей президенті Владимир Путин сапарлап келгенде Мелания Трамп оған хат жазып, Ресейге әкетілген балалардың тағдырына алаңдаушылық білдірген.
Журналистер Ақ үйдегі сопақ залдан Украинадағы соғыс картасын байқаған. Онда Ресей басып алған жерлер де көрсетілген.
Жарты сағаттан соң, журналистер залдан шығарылып, кездесу жабық жабық сипатта өрбіді.
Көпжақты кездесу
Ақ үйге Зеленкиймен қатар Германия канцлері, Франция және Финляндия президенттері, Италия және Ұлыбритания премьер-министрлері, Еурокомиссия басшысы және НАТО бас хатшысы келді. Сөйтіп бір сағатқа жуық сөйлескен Трамп пен Зеленский Еуропа басшыларымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Трамп келіссөз барысына әзірге көңілі толатынын, жуырда бейбітшілік келісімінің шарттары айқындалатынына сенетінін айтты. Оның сөзінше, кездесу кезінде территория мәселесі және Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселесі талқыланған. АҚШ президенті алда Путиннің қатысуымен үшжақты кездесу ұйымдастырылуы мүмкін екенін хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин дегеніне жетті, ал Трамп ше?" Аляскадағы саммиттің түйініВладимир Зеленский территория мәселесі сол үшжақты кездесуде талқылануы мүмкін екенін айтты. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон белгілі бір кезеңді төртжақты кездесу де өтуі ықтимал екенін мәлімдеді. Оған Ресей, Украина, АҚШ және Еуроодақ өкілдері қатыспақ.
Франция мен Германия басшылары атысты тоқтату мәселесін көтерді. Германия канцлері Фридрих Мерцтің сөзінше, атысты тоқтатпай жаңа кездесуді өткізудің қисынсыз екенін айтты. Бірақ Трамп бұған келіспей, бейбітшілік келісімін онсыз-ақ жасауға болады деді.
Санаулы күн бұрын Трамп Аляскада Путинмен саммит өткізген. Трамп Зеленскиймен және Еуропа басшыларымен келіссөз өткізген соң, Путинге қоңырау шалатынын айтты.