Сатиралық жаңалықтар тарататын Qaznews24 жұмысын тоқтатады

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішева. Алматы, 20 қаңтар, 2025 жыл.

Сатиралық жаңалықтар тарататын Qaznews24 жұмысын тоқтатады.

“Редакция мүшелерінің туыстарына құқық қорғау органдарының қысым көрсетіп, жаңа тергеу-тексеру жүргізулеріне байланысты агенттікті жабу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда жұмысымызды жалғастыра алмаймыз және осылайша Конституциямен кепілдік берілген сөз және шығармашылық еркіндігі құқығымызды пайдалана алмай отырмыз” деп жазылған Qaznews24 паблигінің хабарламасында.

“Бар болғаны – елімізде саяси сатираға орын бар екенін көрсеткіміз келген. Алайда ол Жаңа Қазақстанда мүмкін емес екен...Qaznews24 Қазақстандағы сөз бостандығының соңғы діңгектерінің бірі еді, өкінішке қарай, жұмысымызды тоқтатамыз” деп жазылған хабарламада.

Qaznews24 сатиралық паблигі 2021 жылдың сәуір айында құрылған. Онда қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты сатиралық жаңалықтар жарияланып келген.

Биыл сәуірде Алматы соты пабликтің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен де айналысуға тыйым салған. Сот оны “араздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Айыптау тарабының айтуынша, Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған". Прокурордың сөзінше, Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.

Ал Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол үкімді “тым қатаң” деп бағалаған. Ол сот кезінде жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кеткенін айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деді ол. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.